...
... Алматы
USD
EUR
RUB
Алматы жаңалықтары

Алматыда жарық сөнгенде 150-ден астам полицей жолға шықты

Алматыда жарық сөнуіне байланысты 150-ден астам полицей қала жолдарына шықты, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі бүгін патрульдік полиция нарядтары күшейтіліп, жол жағдайы мен қозғалыс қауіпсіздігіне қосымша бақылау ұйымдастырылғанын мәлімдеді.

Полиция Алматыдағы жол жағдайын бақылауда ұстап, көлік қозғалысының үздіксіз және қауіпсіз болуын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр.

Бұған дейін Алматы мен Алматы облысында жарық жаппай өшкені хабарланған. «KEGOC» АҚ-ға тиесілі әуе электр желілерінің авариялық ажырауы салдарынан «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ желілерінде аварияға қарсы автомат іске қосылған. Шымкент пен Талдықорғаннан да жарықтың өшуіне шағымдар түскен.

Кейін «KEGOC» АҚ Қазақстандағы блэкауттың алдын ала себебін атады. ҚР электр желілерінің ұлттық операторының мәліметінше, Қазақстанның БЭЖ-інде технологиялық бұзылыстан кейін үзілістер болған.

ҚР Энергетика министрлігі мынаны мәлімдеді:

«2026 жылғы 14 тамызда Орталық Азия энергожүйесі тарапынан электр энергиясының ағынының күрт өзгеруінен туындаған энергожүйеде қуаттың түсуі орын алды. Нәтижесінде аварияға қарсы автомат іске қосылып, ҚР кейбір өңірлерінде бірқатар тұтынушылардың электр энергиясы өшірілді. Қазіргі уақытта жүйелік оператор «KEGOC» АҚ қажетті қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде, бірқатар өңірде электрмен жабдықтау қалпына келтірілді. Жағдай Энергетика министрлігінің бақылауында. Электрмен жабдықтауды қалпына келтіру барысы туралы қосымша ақпарат хабарланады».

Сонымен қатар, Қырғызстан мен Тәжікстанның кейбір қалаларында да электр энергиясы өшкен.