...
... Алматы
USD—
EUR—
RUB—
Алматы жаңалықтары

Алматыда жаңбыр мен су басу қаупі: 85 бригада кезекшілікке шықты

Алматыда бүгін жаңбыр жауып, жекелеген аумақтарда су жиналуы мүмкін, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

«Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының болжамы бойынша, жауын-шашын сағат 15:00-ден кейін басталып, тек 02:00-де тоқтайды. 5 мм-ге дейін жауын-шашын түсуі күтіледі, күндіз жел екпіні 13 м/с жетуі мүмкін. Ауа температурасы +17…+19 °С болады.

Ертең, 25 қарашада күндіз жауын-шашын күтілмейді, алайда түстен кейін жаңбыр қайта басталуы ықтимал.

Жергілікті су басудың алдын алу және оны жою үшін 85 жедел бригада кезекшілікке шықты. Жұмысқа 1 579 жол жұмысшысы, 415 техника бірлігі, 97 мотопомпа және 5 мыңға жуық құм салынған қап дайын.

Сонымен қатар су жиналуы мүмкін жерлерде ассенизаторлық машиналар мен су сорғыту жабдығы бар бригадалар орналастырылады.

Қала тұрғындары мен қонақтарынан сапар жоспарлау кезінде ауа райы жағдайын ескеруді, жолдар мен жаяу жүргіншілер жолдарында сақ болуды, су жиналуы мүмкін учаскелерден аулақ жүруді сұрады.

Алматыда 24, 25 және 26 қарашада ауа райы қандай тосынсый жасайтыны туралы осы сілтеме арқылы оқуға болады.