Алматыда жауын-шашын күтілуіне байланысты коммуналдық және жедел қызметтер дайындық режиміне көшті, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
«Қазгидромет» РМК болжамы бойынша, 1 қазан күні сағат 18:00-ден кейін Алматыда шағын жаңбыр жауады. Жауын түнде де, 2 қазан сағат 09:00-ге дейін жалғасады деп күтілуде. Жел екпіні 15 м/с-ке жетуі мүмкін.
Әкімдіктің мәліметінше, ықтимал жергілікті су басулардың алдын алу және жедел жою үшін 70 жедел бригада кезекшілікке қойылды. Олардың құрамында 416 жол жұмысшысы бар.
«Дайындықта 252 бірлік арнайы техника, 48 мотопомпа және 18 ассенизаторлық машина тұр. Соңғылары ықтимал су басу орындарына алдын ала орналастырылды. Сондай-ақ 2,4 мың қап құм дайындалды. Жауын-шашын кезеңінде қалалық қызметтердің кезекшілігі күшейтілді. Алматының құтқару қызметі ассенизаторлық машина мен 15 мотопомпа дайындады. Төтенше жағдайлар департаменті желісі бойынша 240 адам, 53 бірлік арнайы техника және 54 мотопомпа жұмылдырылды», — делінген хабарламада.
Кезекші бригадалар су жиналу қаупі жоғары учаскелерді бақылап, қажет болған жағдайда суды дереу сорып шығарып, жергілікті су басулардың алдын алуға бағытталған басқа да жұмыстарды жедел жүргізеді.
