...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматыда жаңа жол қозғалысы схемалары дайындалуда: жүргізушілерге өзгерістер

Алматыда Bus lane желісін кеңейтіп, веложолдардың ұзындығын арттырып, бірқатар көшелерде қозғалыс схемаларын өзгерту жоспарлануда, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Билік қоғамдық көлікке, жаяу жүргіншілер мен велосипедшілерге басымдық бермек. Жаңа шешімдердің бір бөлігі сынақ режимінде жақын арада енгізіледі. Қала «жылдам пилоттық жобаларды» қолдануды жоспарлап отыр: алдымен өзгерістерді уақытша белгілер мен жаңа қозғалыс схемалары арқылы тексереді, нәтиже сәтті болса, басқа учаскелерге де таратады.

Бір бағыт – жекелеген көшелерде біржақты қозғалыс енгізу. Мұндай формат «Тастақ» базары ауданында, сондай-ақ Әуезов – Байзақов, Жуков – Уәлиханов және Радостовец көшелерінің учаскелерінде қарастырылуда. Сонымен қатар мамандар Тимирязев, Жандосов, Манас, Мыңбаев, Береговая, Армянская, Айманов және Пушкин көшелерінде біржақты қозғалыс іске қосу мүмкіндігін зерттеуде.

Өзгерістердің басты мақсаты – көлік тораптарына түсетін жүктемені азайтып, қала бойынша қозғалысты түсінікті ету.

Биыл Алматыда веложеліні кеңейту жоспарланған. Оның ұзындығын 87-ден 125,5 км-ге дейін – шамамен 40 км-ге арттыру көзделген. Жаңа бағыттар велосипедшілердің жүрісін қауіпсіз әрі ыңғайлы етуі тиіс.

Сонымен қатар қалада қоғамдық көлікке арналған жаңа бөлек жолақтар іске қосу мәселесі қарастырылуда. Жаңа bus lane әл-Фараби даңғылында, Тілендиев, Шевченко, Құрманғазы, Сәтпаев, Өтеген батыр, Рысқұлов көшелерінде, сондай-ақ Солтүстік айналма жол мен ВОАД-та пайда болуы мүмкін.

Қозғалысты ұйымдастыруда қазіргі заманғы тәсілдерге басымдық беріліп, қоғамдық көлікке, жаяу жүргіншілер мен велосипедшілерге артықшылық беріледі. Бір бөлек автобус жолағы қарапайым автомобиль жолағына қарағанда көбірек жолаушы тасымалдай алады.

Дереккөз: Nur.kz