Алматыда Сейфуллин даңғылы бойындағы екі қабатты тұрғын үйге заңсыз тұрғызылған қосымша құрылыс бұзылды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған NUR.KZ хабарлауынша, бұл Сейфуллин даңғылы, 53 мекенжайындағы ғимарат. Қалалық сәулет-құрылыс бақылау басқармасының мәліметінше, қосымша құрылыс рұқсат құжаттарынсыз салынған.
«Басқарма инспекторлары меншік иесінің жалпы пайдаланымдағы жер учаскесінде 11,3 м × 3,52 м және 9 м × 2,5 м өлшемдерімен Г-тәрізді пішіндегі қосымша құрылысты өз бетінше тұрғызғанын анықтады», — делінген хабарламада.
Жарияланған кадрларда қосымша құрылыс жануарлар иелеріне арналған груминг-салонға кіретін есік ретінде қызмет еткені көрінеді. Хабарламаға сәйкес, меншік иесі құрылысты өз еркімен бұзған.
