...
... Алматы
USD—
EUR—
RUB—
Алматы жаңалықтары

Алматыда заңсыз алкоголь сатқан 17 кәсіпкер анықталды

Алматыда екі күн ішінде 300-ден астам сауда нүктесі мен ойын-сауық мекемесі тексеріліп, заңсыз алкоголь өнімі тәркіленді және кәсіпкерлерге айыппұл салынды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, рейдтерді полицейлер мемлекеттік кірістер департаментімен бірлесіп өткізген. Тексерілген нысандардың қатарында азық-түлік дүкендері мен ойын-сауық орындары бар.

Заңсыз айналымнан 500 литрден астам алкоголь өнімі алынды. Тексеру барысында лицензиясыз спирттік ішімдік сатқан және оны өткізу ережелерін бұзған кәсіпкерлер анықталды.

«Тексеру қорытындысында тиісті лицензиясыз алкоголь сатқан 17 жеке кәсіпкер анықталды. Оларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 463-бабы бойынша әкімшілік материалдар жиналды. Заңсыз айналымнан 500 литрден астам алкоголь өнімі тәркіленді. Сонымен қатар алкогольді өткізуге қойылатын талаптарды бұзғаны үшін тағы 12 кәсіпкер ҚР ӘҚБтК-нің 200-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды», — делінген хабарламада.

Полиция мұндай рейдтер жүйелі түрде жүргізілетінін, олардың мақсаты — алкогольдің заңсыз айналымын жою және құқық бұзушылықтардың, оның ішінде мас күйінде жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу екенін атап өтті.