
Алматыда биыл наурыз айында үш адамның өмірін қиған жол апаты бойынша сот отырысы басталды. Оқиға Аль-Фараби даңғылында болған, Zeekr көлігі қарсы жолаққа шығып, Mercedes-пен соқтығысқан, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Алдын ала тыңдау барысында прокурор айыптау актісін оқып, 21 наурызда сотталушы орташа дәрежедегі алкогольдік масаң күйде болғанын, ал көліктің жылдамдығы сағатына 219 шақырымға жетуі мүмкін екенін мәлімдеді.
«Шамамен 3:30-да, Жол жүрісі ережелерін бұза отырып, белгіленген жылдамдықтан 80 км/сағ асып, жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірді. Қарсы бағыттағы жолаққа шығып, Аль-Фараби бойымен шығыс бағытта келе жатқан Mercedes көлігімен соқтығысты. Жол-көлік оқиғасы салдарынан Mercedes жүргізушісі мен оның екі жолаушысы оқиға орнында қаза тапты», — деді мемлекеттік айыптаушы.
Ал сотталушы өз кезегінде көңіл айтып, қайғы әкелгенін түсінетінін және жазасын өтеуге дайын екенін айтты. «Мен өзімді кешірмеймін», — деді ол.
Еске салайық, қайғылы оқиға 21 наурызда болды. Ауыр апат салдарынан екі қыз бен бір жігіт қаза тапты. Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің тапсырмасы бойынша Алматыдағы резонансты жол-көлік оқиғасының тергеуі алғашқы сағаттардан бастап ерекше бақылауда.
Дереккөз: Inalmaty.kz