...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматыда мопед иелерін тіркеуден өтуге шақырды: міндетті талаптар

Алматыда мопедтерді пайдалануды ретке келтіру және жол қауіпсіздігін арттыру жұмыстары жалғасуда. Полиция барлық мопедтерді, оның ішінде электр қозғалтқышы бар үлгілерді міндетті түрде мемлекеттік тіркеуден өткізу қажет екенін ескертті, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Көлікті есепке қою үшін иелері мамандандырылған ХҚКО-ға жүгініп, жеке куәлік, техникалық құжаттар немесе мопед сипаттамалары туралы мәліметтер, өтініш, көлікті тексеру актісі және мемлекеттік баждарды төлегені туралы түбіртек ұсынуы қажет. Тіркеуден кейін иесіне мемлекеттік нөмір мен тіркеу куәлігі беріледі. Сонымен қатар, сақтандыру полисін рәсімдеу керек.

Полиция департаменті мопедті басқаруға тек А1 санатындағы жүргізуші куәлігі болған жағдайда ғана рұқсат етілетінін атап өтті. Тіркелмеген көлікті пайдалану немесе тиісті құжатсыз жүру заңнаманы бұзу болып саналады және әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады.

Алматы әкімшілік полиция басқармасының бастығы Әбдінур Тасыбаев атап өткендей, мопедтер жол қозғалысының толыққанды қатысушылары болып табылады, сондықтан иелері белгіленген талаптарды сақтауға міндетті. Оның айтуынша, тіркеу ең алдымен барлық жол қозғалысы қатысушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет.

Дереккөз: Inalmaty.kz