
Алматының Медеу ауданында алдағы жылыту маусымына дайындық аясында 1979 жылы пайдалануға берілген жылу трассасының шамамен 250 метрі ауыстырылады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Осыған байланысты Уәлиханов көшесінің Әлімжанов көшесінен №58 үйге дейінгі учаскесінде көлік қозғалысы шектеледі. «Алматы Жылу Желілері» ЖШС құрылыс-монтаж жұмыстарын ескере отырып, қозғалысты кезең-кезеңімен шектейтінін хабарлады.
— Шектеу жолдың жүргін бөлігінің астынан өтетін құбыр учаскесін қайта жаңарту жоспарлы жұмыстарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін енгізіледі. Қайта жаңарту кезеңінде тұтынушыларға ыстық су беру сақталады, — деді АлЖЖ.
Бұл жылу желісі бір көппәтерлі тұрғын үй, бір денсаулық сақтау нысаны және 11 басқа нысанды жылумен және ыстық сумен қамтамасыз етеді. Жұмыс учаскесінің жанында тарихи ғимарат — саудагер Ғабдулвалиевтің үйі орналасқан.
Қала тұрғындарын уақытша қолайсыздықтарды түсіністікпен қабылдауға шақырды.
Бұған дейін Алматының екі ауданында жылу желілерін жөндеуге байланысты қозғалыс шектелетіні хабарланған болатын.
Дереккөз: Inform.kz