...
... Алматы
USD
EUR
RUB
Алматы жаңалықтары

Алматыда тұрғын үйлерді жылыту маусымына дайындау бақылауы күшейтіледі

Алматыда қала әкімінің бірінші орынбасары Алмасхан Сматлаевтың төрағалығымен көппәтерлі тұрғын үй қорын басқару және үйлерді алдағы жылыту маусымына дайындау мәселелері бойынша кеңейтілген кеңес өтті, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Кеңеске салалық басқармалар, аудан әкімдіктері, ТЖД, КСК және ОСИ бірлестіктері, сондай-ақ көппәтерлі үйлердің басқару органдарының төрағалары қатысты. Кеңес барысында тұрғын үй қорын қысқа дайындау, КСК мен ОСИ жұмысының тиімділігін арттыру, өрт қауіпсіздігі, ортақ мүлікті күтіп-ұстау және басқару органдарының мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылы мәселелері қаралды.

Кеңесті аша отырып, Алмасхан Сматлаев көппәтерлі үйлерді сапалы күтіп-ұстау қалалық қызметтердің басты міндеттерінің бірі болып қала беретінін атап өтті.

«Көппәтерлі тұрғын үй қорының жай-күйі – біздің жұмысымыздың тиімділігінің көрсеткіші. Басты міндеттер – тұрғындардың қауіпсіздігі, үйлерді тиісінше күтіп-ұстау және бұзушылықтардың алдын алу», – деді Алмасхан Сматлаев.

Тұрғын үй қорының ағымдағы жай-күйі туралы Алматы қаласы коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы Шархан Тұрсынбаев баяндады.

«Тұрғындардың көппәтерлі үйлерді басқару және күтіп-ұстау сапасына қоятын талаптары жыл сайын артып келеді. Сондықтан басқару органдары ашық және айқын жұмыс істеуі, қажетті жөндеу жұмыстарын уақытылы жүргізуі және тұрғын үй иелеріне қаражаттың жұмсалуы туралы тұрақты есеп беріп отыруы тиіс», – деп атап өтті Шархан Тұрсынбаев.

Кеңес қорытындысы бойынша Алмасхан Сматлаев көппәтерлі үйлерді жылыту маусымына сапалы дайындауды қамтамасыз ету, ортақ мүлікке тексеру жүргізу және басым жөндеу жұмыстарын анықтау тапсырмасын берді. Сондай-ақ салалық басқармаларға Төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуының алдын алуды күшейту, тұрғын үйлердің жертөлелерінде орналасқан коммерциялық нысандарды тексеру және анықталған бұзушылықтарды жою шараларын қабылдау тапсырылды. Полиция департаментімен бірлесіп көппәтерлі тұрғын үйлерде заңнама талаптарының сақталуы бойынша профилактикалық жұмыс күшейтілетін болады.

Дереккөз: Almaty.tv