Алматы полициясы бір түнде заңды өкілдерінің қарауынсыз көшеде жүрген 35-тен астам кәмелетке толмаған баланы анықтады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Алматы қалалық полиция департаментінің Instagram парақшасында хабарланғандай, рейд қаланың Медеу ауданында өтті. Тексеру барысында түн ортасына дейін ересектердің қарауынсыз қалған 35-тен астам бала анықталды.
«Анықталған жасөспірімдердің барлығының ата-аналарына қатысты әкімшілік ықпал ету шаралары қабылданды. Кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі үшін жауапкершілік ең алдымен ересектерге жүктеледі», — деп ескертті қазақстандықтарға.
Полицияның мәліметінше, жыл басынан бері Медеу ауданының полиция басқармасына түнгі уақытта тұрғын үйден тыс жерде ата-анасының немесе өзге де заңды өкілдерінің қарауынсыз жүрген 1 796 бала жеткізілген.
«Полицейлер бүкіл қала бойынша түнгі рейдтерді жалғастыруда. Олардың мақсаты — қараусыз қалған кәмелетке толмағандарды анықтау, ықтимал құқық бұзушылықтардың алдын алу және балалардың қылмыс құрбандары болуы мүмкін жағдайларға жол бермеу», — деп атап өтті Алматы полиция департаментінде.
