Алматыда «Трицикл» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында өткен бір рейд барысында полицейлер 60-қа жуық жол қозғалысы ережелерін бұзу фактісін анықтады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, рейд Алатау ауданында — Орталық көтерме базар маңында өтті. Тәртіп сақшылары трициклдердің заңды түрде пайдаланылуын, олардың тіркелуін, қажетті құжаттарының және жүргізуші куәліктерінің болуын, сондай-ақ жол қозғалысы ережелерінің сақталуын тексерді.
«Бір рейдтің өзінде 60-қа жуық жол қозғалысы ережелерін бұзу фактісі анықталды. Полиция жүргізуші куәлігін ешқашан алмаған адамдардың трициклді басқару фактілеріне ерекше назар аударады», — деп атап өтті қалалық полиция департаментінде.
Полиция трицикл белгіленген тәртіппен тіркелуі тиіс, ал оны басқаратын адамның тиісті жүргізу құқығы болуы керек екенін еске салады.
