
Алматыда 5 маусымнан бастап №44, №62, №80 және №123 автобус бағыттарының қозғалыс схемасы уақытша өзгереді. Бұл Манас көшесінде жол төсемінің орташа жөндеуі басталуына байланысты, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Манас көшесінде орташа жөндеу жүргізілуіне байланысты көлік қозғалысы Абай даңғылынан Тимирязев көшесіне дейінгі учаскеде шектеледі.
№44 бағыт оңтүстік бағытта Абай даңғылымен, одан әрі көлік айырымы арқылы Мұқанов және Жандосов көшелерімен жүріп, негізгі бағытқа қайта оралады. Кері бағытта схема өзгеріссіз қалады.
№62 бағыт автобустары батыс бағытта Абай даңғылымен, содан кейін Әуезов және Жандосов көшелерімен соңғы аялдамаға дейін жүреді. Кері бағыт өзгеріссіз сақталады.
№80 бағыт үшін өзгерістер оңтүстік бағыттағы қозғалысқа қатысты. Шевченко көшесінен кейін автобустар Әуезов көшесімен жүріп, Атакент маңында Әуезов пен Тимирязев көшелерінің қиылысында бұрылып, бекітілген схема бойынша әрі қарай жүреді. Кері бағытта өзгерістер жоқ.
№123 бағыт оңтүстік бағытта Шевченко көшесімен, одан әрі Әуезов көшесімен жүріп, әдеттегі схемаға қайта оралады. Кері бағытта автобустар өзгеріссіз қозғалады.
Дереккөз: Inalmaty.kz