Алматыда екінші қабаттан құлаған бала ауыр халде ауруханаға жеткізілді. №7 қалалық клиникалық аурухана дәрігерлері науқасты құтқару жолын баяндады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
№7 қалалық клиникалық аурухананың хабарлауынша, бала екі қабатты үйдің екінші қабатының терезесінен құлаған. Ата-анасы оны өте ауыр халде медициналық мекемеге жеткізген.
Дәрігерлердің айтуынша, науқас комада болған, оның бас сүйек-ми жарақаты ауыр, ашық жарақат, бас сүйек сынықтары, қан құйылу, жұмсақ тіндердің көптеген зақымдары, иық сүйегінің ашық сынуы, иық артериясының зақымдануы, білек сүйектерінің сынуы және травматикалық геморрагиялық шок болған.
Алдымен №7 ҚКА мамандары жараларды алғашқы хирургиялық өңдеуден өткізіп, диагностикалық зерттеулер кешенін жүргізіп, баланың жағдайын тұрақтандырып, оны шұғыл операцияға дайындаған.
«Екі медициналық ұйымның – №7 қалалық клиникалық ауруханасы мен №2 балалар қалалық клиникалық ауруханасының тамыр хирургі-консультанты, травматологтар, нейрохирургтар, анестезиолог-реаниматологтардың үйлесімді жұмысы ерекше рөл атқарды. Бірлесіп зақымдалған иық артериясын қалпына келтіру және сүйек сынықтарын бекіту бойынша күрделі операция жасалды, бұл аяқ-қолдың қанмен қамтамасыз етілуін сақтап, ауыр асқынулардың алдын алуға мүмкіндік берді», – деп хабарлады медициналық мекемеде.
Жағдайы тұрақтанған соң бала одан әрі қарқынды емдеу, мамандардың бақылауы және оңалту шараларын жүргізу үшін №2 БҚКА-ға ауыстырылған.
«Ауыр аралас жарақат кезінде емнің сәттілігі көбінесе әртүрлі профильдегі мамандардың қаншалықты жылдам және үйлесімді әрекет ететініне байланысты. Бұл жағдайда екі аурухананың медициналық командалары біртұтас механизм ретінде жұмыс істеді. Бұл қажетті операцияларды уақытылы жүргізуге және балаға одан әрі мамандандырылған емдеуді қамтамасыз етуге мүмкіндік берді», – деді №7 ҚКА дәрігер-травматологы Ануара Бейбітова.
Сонымен қатар дәрігерлер ата-аналарды, әсіресе жаз мезгілінде, пәтерлер мен үйлерде терезелер жиі ашылатын кезде, барынша сақ болуға шақырады.
Дереккөз: Nur.kz