
Алматыдағы Алма-Арасан шатқалында Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» республикалық бастамасы аясында ауқымды экологиялық акция өтті. Оны «AMANAT» партиясы, оның «Жастар Рухы» жастар қанаты және қалалық Білім басқармасы ұйымдастырды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Шараға 300-ден астам жас қатысты — колледж студенттері, еріктілер, экоактивистер, жастар ұйымдарының өкілдері және белсенді тұрғындар. Қатысушылар Алматыдағы ең танымал табиғи нысандардың бірінің аумағын тазалап, тұрмыстық қоқыстарды жинап, Іле Алатауы бөктеріндегі бірегей экожүйені сақтауға үлес қосты.
«Бүгін жастарды қоғам мен қалаға пайда әкелетін нақты істерге тарту өте маңызды. Мұндай акциялар табиғи аумақтарымыздың тазалығын сақтауға көмектесіп қана қоймай, белсенді азаматтық ұстанымды, ел мен туған қаланың болашағы үшін жауапкершілік сезімін тәрбиелейді», — деді «AMANAT» партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының орынбасары Қуаныш Төлепов.
Экологиялық акция азаматтардың экологиялық жауапкершілігін арттыруға және қоршаған ортаға ұқыпты қарауға бағытталған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында өтті. Экологиялық күн тәртібі «AMANAT» партиясы жұмысының басым бағыттарының бірі болып қала береді. Алматының барлық аудандарында «Таза бейсенбі» акциясы тұрақты негізде өткізіледі, оған партия мүшелері, белсенділер, мәслихат депутаттары және қала тұрғындары қатысады.
Дереккөз: Almaty.tv