Алматыда таулы жерлерде жоғалған туристерді іздеуді жеңілдету үшін арнайы жобаны практикалық түрде іске асыру басталды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Қаланың мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры Арман Нұғырбековтің айтуынша, қазіргі уақытта мамандар осы жобаны іс жүзінде жүзеге асыруға кіріскен.
Туристер маршруттың басталуы туралы ақпаратты алдын ала көрсетіп, байланыс деректерін қалдыра алады.
Ол үшін сайтқа кіру немесе таулы аудандар мен ұлттық саябақтарға қарай жүретін бағыттардың автобустары мен аялдамаларында орналастырылған QR-кодты сканерлеу қажет.
Мамандардың түсіндіруінше, төтенше жағдай туындаған кезде бұл мәліметтер туристерді іздеуді жеңілдетіп, құтқарушыларға іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу кезінде тезірек бағдарлануға көмектеседі.
2026 жылдың басынан бері Алматыда таулы жерде 430-дан астам іздестіру-құтқару жұмысы жүргізіліп, 700-ге жуық адам құтқарылды, оның ішінде 145 кәмелетке толмағандар. Сонымен қатар 123 адам жарақат алды.
Бұған дейін Қонаевтан Алматыға көзілдірік алуға келген жоғалған оқушының ізі 2500 метр биіктіктегі үйшікке алып барғаны туралы жазған болатынбыз.
