Алматы-1 вокзалының маңындағы аялдамалар бұзылып, орнына жаңа, заманауи аялдамалар салынады. Бұл туралы әлеуметтік желіде тараған бейнежазбаларға жауап ретінде қалалық көлік басқармасы түсініктеме берді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Басқарма мәліметінше, вокзал маңындағы инфрақұрылымда барлығы 6 аялдама бар. Оның үшеуі вокзал ғимаратының дәл жанында, тағы үшеуі қарсы бетте орналасқан.
Бұл аялдамалардың орнына бірыңғай сәулет тұжырымдамасы аясында жаңа, заманауи әрі жайлы аялдамалар тұрғызылады. Алайда барлық жұмыстың аяқталу мерзімі әзірге белгісіз.
Айта кетерлік жайт, демонтаждалған аялдамалар қаланың басқа бөліктерінде қайта пайдаланылады.
Үш қабатты вокзал ғимараты 1976 жылы салынып, пайдалануға берілген. Ал ең алғашқы уақытша станция осы жерде 1929 жылы пайда болған. Ғимаратты жаңғырту жұмыстары 2025 жылдың наурызында басталды. Бұған дейін нысан 2007 жылы күрделі жөндеуден өткен.
Вокзалдың реконструкциядан кейінгі келбеті Көлік министрлігінің баспасөз қызметі таратқан материалдарда 2026 жылдың 18 ақпанында көрсетілген болатын.
