Алматыда Сейфуллин мен Сүйінбай көшелерінің аралығында жол белгілерін сызу жұмыстары жүргізіліп жатқан. Сол жерде такси көлігі толық жылдамдықпен ауыр техникаға соғылды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Арнайы техниканың салмағы шамамен 20 тонна болған. Оның ішіндегі бояудың өзі 1,5 тоннаны құраған.
Ауыр жол-көлік оқиғасы салдарынан арнайы техниканың жүргізушісі мен жұмыс барысын қадағалаған екінші жұмысшы зардап шекті. Сондай-ақ такси жүргізушісі мен оның жолаушылары да жарақат алды.
Апат кезінде таксиде болған ерлі-зайыптылардың айтуынша, олар сол сәтте ұйықтап жатқандықтан не болғанын түсінбеген. Соққы кезінде әйел машина төбесіне басын соғып оянған.
Жұбайлар той сапарына ұшуға дайындалып жатқандықтан, ауруханаға жатудан бас тартты. Олар сапарға ұзақ уақыт ақша жинағанын және жол апатына байланысты одан бас тарта алмайтынын айтты. Олар басқа таксимен әуежайға қарай жолдарын жалғастырды.
Такси жүргізушісі мен үш жұмысшы ауруханаға жатқызылды. Оқиға орнында жол полициясының қызметкерлері жұмыс істеп, апаттың мән-жайын анықтап жатыр.
Бұған дейін Алматыда коммуналдық машинамен соқтығысқан жүргізушінің зардап шеккені туралы хабарлаған болатынбыз.
