Алматыдағы Студенттер сарайы ішінара құлап, әлеуметтік желілерде оқиғаның бейнежазбалары тарады. Тұрғындар ҚазҰУ маңында қатты гүрсіл мен шаң бағанасын байқаған, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Ғимарат реконструкция үстінде болған. Жоба ғимараттың барлық негізгі элементтерін қамтып, толық техникалық жаңартуды көздеген.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады. Онда құлаудың нақты себебі мен егжей-тегжейі аталмағанымен, ғимараттың бұрыннан апатты жағдайда болғаны хабарланды.
2023 жылы аккредиттелген ұйым ғимараттың техникалық жағдайына сараптама жүргізген. Нәтижесінде көтергіш құрылымдарда айтарлықтай ақаулар мен зақымдар анықталған:
- темірбетон ригельдерінің бір бөлігінің жоқтығы және құрылымдардың ашық учаскелерінің болуы;
- жертөле қабатында темірбетон қабырғалардың жоқтығы;
- қосылыстар орнындағы колонналардың коррозиясы және ішінара бұзылуы;
- құрама темірбетон колонналардың қосылыс орындарында қисаюы;
- бірінші қабаттан шығатын жерлерде екінші қабатта темірбетон колонналардың жоқтығы;
- ригельдердің колонналармен қосылу тораптарының бұзылуы, соның салдарынан ригельдер тіреуіш элементтерсіз бір-бірімен қосылады;
- бірінші қабатта ғимараттың оңтүстік және солтүстік бөліктеріндегі темірбетон ригельдердің салбырауы;
- жертөле бөлмесінде топырақпен толтырылған кеңістікте темірбетон қабырғалардың жоқтығы;
- фасадтың жылу оқшаулағыш қабатының толық бұзылуы және «суық көпірлердің» пайда болуы, бұл ғимараттың жылу оқшаулағыш қасиеттерін жоғалтуға әкелген;
- шатырдың металл конструкцияларының коррозиясы және жергілікті деформациялары, оның ішінде ғимараттың фасадтық бөлігінің астында.
Сондай-ақ 2024 жылдың қаңтарында Алматы мен оған іргелес өңірде әртүрлі қарқындылықтағы бірнеше жер сілкінісі тіркелгені атап өтілді.
Сонымен қатар Алматыда LRT құрылысы жалғасуда. Рельстерді төсеу басталды. Қала тұрғындары бұл жобаны трамвайлардың қайта оралуы деп қорытындылады.
