Алматы полицейлері арнайы операция барысында синтетикалық есірткінің ірі партиясын тәркіледі, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Бостандық ауданында полиция қызметкерлері жедел деректер бойынша тыйым салынған заттар тасымалданатын автокөлікті тоқтатты. Көлікті тексеру кезінде ұнтақ тәрізді зат салынған ондаған орама, ұялы телефондар, орау материалы, электронды таразылар, медициналық пипеткалар, сондай-ақ газды тапанша табылды.
Кейін ұсталғандардың бірінің тұрғылықты жерінде жүргізілген тінту кезінде полицейлер зат салынған қосымша ыдыстарды, орау материалдарын және есірткіні сатуға дайындауға арналған жабдықты тәркіледі.
— Алдын ала деректер бойынша, 44 жастағы ер адам бірнеше ай бойы «бетбелгілер» жүйесі арқылы синтетикалық есірткі таратумен айналысқан. Онымен бірге 39 жастағы әйел ұсталды, — деп хабарлады Алматы полиция департаменті.
Екеуі де полицияға жеткізіліп, қамауға алынды. Қазір қажетті тергеу амалдары жүргізілуде.
Дереккөз: Inform.kz