
Алматыдағы 50-ден астам коммуналдық субұрқақтың сегізі уақытша тоқтап тұр, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Қалалық қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасының мәліметінше, субұрқақтар күн сайын таңертеңнен кешке дейін жұмыс істейді. Мердігер ұйымдар техникалық қызмет көрсету, тостағандарды тазалау, сорғы және электр жабдықтарын бақылау жұмыстарын жүргізеді.
Қазіргі уақытта сегіз субұрқақ жұмыс істемейді. Басқарма оларға күрделі жөндеу жүргізу мәселесін қарастырып жатыр. Техникалық тексеру жүргізіліп, қажетті жұмыс көлемі анықталып, қаржыландыру мәселесі пысықталуда. Жоба-сметалық құжаттама бекітілгеннен кейін қаржы көздері мен жөндеу мерзімдері белгіленеді.
Жамбыл Жабаев ескерткішінің жанындағы «Үш батыр» тұрғын үй кешенінің субұрқағы ағымдағы жөндеуде. Онда гранит плиталар толығымен ауыстырылып, инженерлік және техникалық жүйелер жаңартылуда. Жұмыс жоспарлы түрде жүргізілуде. Алдағы 10 күн ішінде субұрқақ толығымен қосылып, іске қосылады, — деді басқарма өкілдері.
Сондай-ақ ҚР Орталық мемлекеттік мұражайының жанындағы субұрқақ та жұмыс істемейді. Дегенмен бұл орындар тұрғындар үшін тартымды болып қалуда: адамдар серуендеп, фотосессия ұйымдастыруда.
1 мамырдан бастап Алматыдағы субұрқақтар күн сайын 08:00-ден 23:00-ге дейін 1 қазанға дейін жұмыс істейді. Ауа температурасы +5°C-тан төмендегенде жұмыс тоқтатылады.
Айта кетейік, Алматыда 15 жыл ішінде алғаш рет төрт ірі субұрқақ кешені жаңартылуда: әкімдік ғимаратының жанындағы Шығыс және Батыс субұрқақтары, Республика алаңындағы және Ғабит Мүсірепов атындағы театрдың жанындағы субұрқақтар. Жұмыстардың жалпы құны 5,6 млрд теңгені құрады. Қазір Республика алаңы мен Ғабит Мүсірепов театрындағы нысандардың реконструкциясы аяқталу сатысында. Жұмыстарды толық аяқтап, іргелес аумақтарды абаттандыру 2026 жылдың үшінші тоқсанына жоспарланған.
Дереккөз: Inform.kz