Алматының Алатау ауданында Саин көшесінде жол-көлік оқиғасы болды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Алдын ала мәлімет бойынша, Changan автокөлігінің жүргізушісі солтүстік бағытта келе жатып, жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан учаскенің алдында жылдамдықты азайтқан. Артынан келе жатқан Hyundai Elantra қауіпсіз қашықтықты сақтамай, алдында келе жатқан көлікке соғылған.
Соққы салдарынан Changan инерциямен бордюрге шығып кеткен.
Жол апаты салдарынан Hyundai Elantra-ның екі жолаушысы зардап шекті. Оларға қажетті медициналық көмек көрсетілді.
Оқиға мән-жайын полиция қызметкерлері анықтап жатыр. Ведомство жүргізушілерге қауіпсіз қашықтықты сақтау қажеттігін, әсіресе жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан жерлерде жол жағдайы бірнеше секунд ішінде өзгеруі мүмкін екенін ескертті.
Дереккөз: Zakon.kz