Қазақстан Премьер-лигасының 19-туры аясында «Қайрат» пен «Ордабасы» арасындағы матч қарсаңында Алматы полициясы жанкүйерлерді қоғамдық тәртіпті сақтауға шақырды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Полиция департаментінің мәліметінше, бұл кездесу маусымдағы ең күтілген футбол оқиғаларының бірі болып, орталық стадионға мыңдаған көрермен жиналады.
— Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін күшейтілген полиция нарядтары, Ұлттық ұлан әскери қызметшілері және басқа да профильді қызметтердің өкілдері жұмылдырылады. Стадион аумағында және оған іргелес учаскелерде заманауи бейнебақылау және бақылау жүйелері де қолданылады, — деп атап өтті ПД баспасөз қызметі.
Қоғамдық тәртіптің ықтимал бұзылуының алдын алуға ерекше назар аударылған. Полицейлер көрермендерді арандатуларға берілмеуге, заң талаптарын сақтауға, айналасындағыларға құрметпен қарауға және өз командаларын тек спорттық мәдениет аясында қолдауға шақырады.
Департаментте агрессивті мінез-құлық, тыйым салынған атрибутиканы пайдалану, былапыт сөйлеу және жанжал тудыру әрекеттері қоса алғанда, кез келген құқыққа қайшы әрекеттер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертті.
Бұған дейін «Қайрат» футбол клубының баспасөз қызметі алдағы матчқа барлық билеттер сатылып біткенін хабарлаған.
Сонымен қатар, полиция бұған дейін ойын күні қоғамдық тәртіпті күзету мен жол қозғалысы қауіпсіздігін екі мыңнан астам полиция қызметкері, Ұлттық ұлан әскери қызметшілері және басқа да тартылған қызметтердің өкілдері қамтамасыз ететінін хабарлаған.
«Қайрат» — «Ордабасы» матчы 26 шілдеде сағат 19:00-де Алматыдағы орталық стадионда өтеді. Бетпе-бет кездесу қарсаңында шымкенттік клуб 43 ұпай жинап, турнирлік кестені бастап тұр. «Қайрат» бір ұпайға қалып, екінші орында, ал «Ордабасының» бір ойын қоры бар.
Дереккөз: Inform.kz