Алматыда Республика күніне орай Мемлекеттік ту салтанатты түрде көтеріліп, рәсімге 1500-ден астам адам қатысты, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Іс-шараға қала әкімі Дархан Сатыбалды, қоғам және мәдениет қайраткерлері, Қазақстан халқы кеңесі мен Қоғамдық кеңестің мүшелері, үкіметтік емес және жастар ұйымдарының өкілдері, танымал спортшылар, сондай-ақ қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.
Туды көтеру кезінде әскери-үрмелі оркестрдің сүйемелдеуімен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұраны орындалды. Ту тірегінің биіктігі 40 метр, ту матасының өлшемі 7-ден 14 метрге дейін.
Республика күні қарсаңында Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан мемлекеттік наградаларды табыс етті. Марапатталғандар қатарында елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына елеулі үлес қосқан алматылықтар бар.
Сонымен қатар Республика сарайында Республика күніне арналған мерекелік концерт өтті.
