...
... Алматы
USD—
EUR—
RUB—
Алматы жаңалықтары

Алматы тау шатқалдарын қоқыстан тазартты: 450 адам шықты

Алматыда тау шатқалдарын қоқыстан тазарту шарасы өтті, оған 450 адам қатысты, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Тазарту жұмысына әкімдік қызметкерлері, ұлттық парк өкілдері, жастар ұйымдары, еріктілер және қала тұрғындары жұмылдырылды.

Шараға Алматы әкімінің орынбасары Олжас Смағұлов қатысып, экологиялық акцияларды тұрақты өткізудің және табиғи аумақтарға, әсіресе тұрғындар мен туристер көп демалатын жерлерге жауапкершілікпен қараудың маңыздылығын атап өтті.

Бостандық ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков туристік ағынның өсуімен тау аумақтарына түсетін жүктеме артып отырғанын айтты. Соңғы бір жылда Алматыға 1,5 млн-нан астам турист келген. Осыған байланысты демалыс орындарында тазалықты сақтау мен табиғатқа ұқыпты қарау ерекше мәнге ие болып отыр.

Кіші Алматы шатқалында тазарту жұмысы сағат 12:00-де Кіші Алматы өзенінің арнасы бойымен басталды. Мұнда 300 адам жұмыс істеді. Тағы 150 қатысушы сағат 14:00-де Үлкен Алматы шатқалын тазартуға кірісті.

Алматы туризм басқармасының басшысы Галия Тоқсейітова да танымал демалыс орындарында тәртіпті сақтау қажеттігіне назар аударды. Оның сөзінше, келушілер санының артуы табиғи ортаға түсетін жүктемені күшейтеді.

Экологиялық құқықбұзушылықтардың алдын алу үшін Алматы полиция департаменті тау аумақтарында мониторинг пен патрульдеуді күшейтті. Табиғатты қорғау талаптарының сақталуын бақылау мен профилактикалық жұмыс тұрақты негізде жалғасады.