...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматыда Райымбек даңғылындағы BRT жобасы тоқтап, демонтаж қарастырылуда

Алматыдағы Райымбек батыр даңғылында BRT құрылысы тоқтатылды. Қазірдің өзінде салынған инфрақұрылымның бір бөлігі мердігер есебінен бұзылуы мүмкін, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Жоба 2025 жылдың сәуірінде басталған. Құрылыс жалпы ұзындығы 17 шақырымды құрайтын үш кезеңге бөлінген. Бірінші кезең Сейфуллин даңғылынан Пушкин көшесіне дейінгі (1,8 км), екіншісі — Ахрименко көшесінен Сейфуллин даңғылына дейінгі (7,2 км), үшіншісі — Ахрименко көшесінен Алтын Орда көшесіне дейінгі (7,5 км) учаскені қамтыған.

Жоспар бойынша BRT құрылысы 2026 жылдың күзінде аяқталуы тиіс еді. Жалпы құны 39,9 млрд теңгені құрап, мердігерлер ретінде «Қазақдорстрой» ЖШС және «Прогресс KZ» ЖШС тартылған.

Алайда қазіргі уақытта Райымбек даңғылында белсенді құрылыс жұмыстары жүргізілмейді. Бұған дейін Емцов көшесінен Өтеген батыр көшесіне дейінгі аралықта қоғамдық көлікке арналған бөлінген жолақтың дайын учаскесін бұзу ниеті белгілі болған.

Қаланың жол инфрақұрылымын дамыту басқармасының басшысы Олжас Шабданов редакциямыздың сұрауына жауап беріп, бүгінгі күні жобаның бірінші және екінші кезеңдері аясында құрылыс-монтаж жұмыстарының шамамен 37%-ы орындалғанын хабарлады.

— Ағымдағы жылы Райымбек даңғылының Өтеген батыр көшесінен Емцов көшесіне дейінгі учаскесінде жол төсемінің элементтерін бұзу мәселесі қарастырылуда. Бұл ретте бұзу жұмыстары бас мердігер ұйымның есебінен жүргізіледі, — деді ол.

Сондай-ақ ол жоба аясында жер учаскелерін алып қою рәсімдері аяқталған учаскелерде даңғылдың жаяу жүргіншілер бөлігін абаттандыру жұмыстары жалғасып жатқанын атап өтті.

Сонымен қатар қалалық билік жобаның бастапқы тұжырымдамасын өзгерту мүмкіндігін қарастыруда. Орталықта орналасқан BRT желісінің орнына Райымбек даңғылының бойында қоғамдық көлікке арналған бөлінген жолақтарды жолдың шетіне орналастыру нұсқасы пысықталуда.

Еске салайық, бұған дейін әкімдік Тимирязев көшесіндегі BRT желісін бұзу жоспарлары туралы айтқан. Мұнда бір бағытты қозғалыс ұйымдастырылып, қоғамдық көлікке арналған бөлінген жолақтар жолдың шетіне көшіріледі. Болашақта бұл тәжірибені Әл-Фараби даңғылына, ТЖЖ және Солтүстік айналма көшесіне де тарату жоспарлануда.

Дереккөз: Inform.kz