Алматыда су құбырындағы апат салдарынан екі ауданның тұрғындары уақытша сусыз қалды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Әлеуметтік желіде құдықтан судың көшеге бұрқырап ағып жатқаны түсірілген бейнежазба тарады. Кадрларда су ағыны жолдың жүріс бөлігіне қарай шапшып тұрғаны көрінеді.
«Алматы су» мекемесі жағдайға түсініктеме беріп, апат Манас көшесіндегі су құбырында (Абай даңғылынан оңтүстікке қарай) болғанын хабарлады. Апаттық-қалпына келтіру жұмыстарына байланысты қаланың екі ауданындағы тұрғын үйлер мен әкімшілік ғимараттарға су беру уақытша тоқтатылды:
Бостандық ауданы: Абай даңғылы – Манас көшесі – Сәтбаев көшесі – Жароков көшесі;
Алмалы ауданы: Абай даңғылы – Манас көшесі – Жамбыл көшесі – Қожамқұлов көшесі.
«Алматы су» баспасөз қызметі NUR.KZ тілшісіне апатты жоюға екі апаттық бригада жұмылдырылғанын нақтылады. Сағат 13:30-да су беру қалпына келтірілді.
