Алматыда жақында ғана отырғызылған ағаштарды қайтадан қазып ала бастады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Қала тұрғыны үйінің жанында отырғызылған ағаштардың қайта қазылып жатқанын видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жариялады. Оның айтуынша, көшеттер үш күн бұрын ғана отырғызылған.
Видео авторы кадр артында былай деп сөйлейді:
«Үш күн бұрын бізге ағаш отырғызды, өте әдемі болды. Бұрын осылай еді, енді былай болды. Міне, бәрі жерде жатыр, адамдар оларды қазып алып, мына таяқтарды сындырып жатыр. Айтыңыздаршы, бұл фотоға түсіру үшін жасалды ма, әлде не үшін?»
Жарияланымға Алматы қаласының қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы жауап берді. Ведомствоның түсіндіруінше, басқарманың ескертуі бойынша мердігер ұйым ірі ағаштардың діңіне тым жақын отырғызылған көшеттерді басқа жерге көшіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Мамандар бұл шаралар жасыл екпелердің өсіп-дамуына қолайлы жағдай жасауға, сондай-ақ олардың зақымдалуы мен қырылуының алдын алуға бағытталғанын айтты.
