...
... Алматы
USD—
EUR—
RUB—
Қоғам

Алматыда 679 грамм салмақпен туған нәресте 70 күн реанимацияда жатты

Алматыдағы №2 қалалық перинаталдық орталық дәрігерлері салмағы небәрі 679 грамм болып туған нәрестені аман алып қалды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Денсаулық сақтау министрлігінің Telegram-арнасында жарияланған мәліметке сәйкес, әйелді жедел түрде Алматыдағы перинаталдық орталыққа жеткізген кезде жүктілік мерзімі 26 апта 6 күн болған. Асқынуларға байланысты медициналық көрсеткіштер бойынша босану кесарь тілігі арқылы өткен. 8 тамызда дүниеге келген ұл баланың салмағы бар болғаны 679 грамм еді.

Нәресте реанимацияда 70 күн жатты. Оның 43 күні өкпені жасанды желдету аппаратында, тағы 25 күні СИПАП әдісімен демеуде өтті.

«Өмірінің алғашқы минутынан бастап балаға қарқынды медициналық көмек қажет болды. Осы уақыт бойы медициналық топ оның жағдайын тәулік бойы бақылап, қажетті ем жүргізіп отырды», — деп атап өтті министрлікте.

Ұзақ күрестен кейін күтілген сәт келді: нәресте реанимациядан шығып, анасының қасына жатқызылды. Бүгінде бала 75 тәулікке толды, салмағы 1 800 граммға жетті және үшінші күн қатарынан анасымен бірге бірге жататын палатада жатыр.

Ведомство бұл нәтижені перинаталдық көмекті жүйелі дамытудың, заманауи технологияларды енгізудің және аналар мен балаларды медициналық сүйемелдеу жүйесін жетілдірудің арқасы деп бағалайды.