Алматыда коммуналдық ақылы тұрақтарда жеңілдіктерді рәсімдеу тәртібі жеңілдетіледі, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Бүгінде қалада 15 344 көлік иесі коммуналдық ақылы тұрақтардағы жеңілдіктерді пайдаланып келеді.
Жеңілдіктер I және II топтағы ерекше қажеттіліктері бар адамдарға, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, көпбалалы отбасыларға, Семей полигонындағы ядролық сынақтардан зардап шеккен отбасылардың өкілдеріне қарастырылған. Сондай-ақ олар электромобильдер мен арнайы көлік иелеріне де қолданылады.
Қазіргі уақытта қалада 17 мыңнан астам коммуналдық тұрақ орны бар. Алдағы уақытта олардың санын 25 мыңға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.
Сонымен қатар билік жеңілдікті рұқсаттарды рәсімдеуді оңайлатып, қызмет алу уақытын қысқарту үшін цифрлық сервистерді дамытпақ.
Бұған дейін 2026 жылдың 4 қазанынан бастап Алматыда коммуналдық ақылы тұрақтардың құны өзгергені хабарланған болатын. Тариф көшелердің жүктемесі мен тұрақ орындарының сұранысына байланысты болады.
