Алматыда XII ашық робототехника, бағдарламалау және инновациялық технологиялар чемпионаты Almaty TechCup XII әкім кубогы үшін басталды. Биыл аймақтағы ең ірі технологиялық жарыс Age of AI («Жасанды интеллект дәуірі») ұранымен өтуде. Бұл туралы қалалық Білім басқармасы хабарлады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Чемпионат 3 мыңнан астам оқушы, студент және жас инженерді — Орталық Азияның бес елінен шамамен 400 команданы жинады. Екі күн бойы қатысушылар робототехникалық пәндер, бағдарламалау, киберқауіпсіздік, автономды жүйелерді әзірлеу және басқа да инженерлік бағыттар бойынша жарысады.
Ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитеті басқармасының басшысы Асыл Түймебаев, инженер-зерттеуші және goBILDA робототехникалық платформасының стратегиялық серіктестік жөніндегі директоры Итан Доуг (АҚШ), сондай-ақ Алматы қаласы Білім басқармасының басшысы Сәкен Аралбаев қатысты.
Биыл бағдарлама 14 бағытты қамтиды, оның төртеуі алғаш рет ұсынылып отыр. Олардың ішінде — адам тәрізді роботтарға арналған шешімдерді әзірлеу хакатоны, автономды көлік жарыстары, аэроғарыштық технологиялар саласындағы инженерлік жобалар, робототехникалық турнирлер, дрон жарыстары, киберқауіпсіздік бойынша жарыстар және жасанды интеллектке арналған интерактивті алаңдар бар.
Ресми рәсімнен кейін қонақтар үшін чемпионаттың жарыс және көрме аймақтары бойынша экскурсия ұйымдастырылды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Алматы қаласы әкімінің кубогы, білім гранттары, ақшалай сыйлықтар, сондай-ақ Қазақстанды АҚШ, Қытай және Гонконгтағы халықаралық инженерлік жарыстар мен чемпионаттарда таныстыру мүмкіндігін алады.
Дереккөз: Almaty.tv