Алматыда 10 қараша кешінен бастап жаңбыр жауып, 11 қараша сағат 10:00-ге дейін қалада 23 мм жауын-шашын түсті, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Бұл туралы қала әкімдігі «Қазгидромет» РМК-ға сілтеме жасап мәлімдеді. Медеу ауданында 26 мм, Каменское платосында 36 мм жауын-шашын болды.
Ауа райының қолайсыздығынан туындаған салдардың алдын алу және жою үшін 85 жедел бригада, жалпы саны 1 579 адам кезекшілікке шықты. 415 техника бірлігі, 97 мотопомпа жұмылдырылып, 2 950 құм салынған қап дайындалды. Тәуліктік жұмысқа 3 253 жол жұмысшысы шығады.
Синоптиктердің болжамы бойынша, 11 қарашада жаңбыр тәулік соңына дейін үзіліспен жалғасады. Тағы 10 мм-ге дейін жауын-шашын күтіледі, жел екпіні 15-20 м/с жетуі мүмкін. Күндізгі ауа температурасы +5…+7 °C болады.
12 қарашаға жауын-шашынсыз ауа райы болжанып, тұман түсуі мүмкін.
Ауа райына байланысты Алматы тұрғындарына жолдарда сақ болу, жылдамдықты азайту және су жиналуы мүмкін жерлерде көлікті қалдырмау ұсынылады. Қатты жел кезінде ағаштардың астында және жарнама құрылымдарының жанында болмау керек.
Қала тұрғындары әлеуметтік желілерде көшелердегі жағдайды бейнежазбалармен бөлісуде. Кадрларға метро станцияларының бірінің су басқан кіреберісі де түскен.
