Алматыда Момышұлы көшесінің бір учаскесінде LRT құрылысына байланысты көлік қозғалысы уақытша шектеледі, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Қала әкімдігінің мәліметінше, шектеу 29 қыркүйекте сағат 23:00-ден 30 қыркүйектегі сағат 06:00-ге дейін енгізіледі. Бұл шешім LRT жобасын іске асыру аясында қабылданды.
«Алматыда LRT жобасын іске асыру шеңберінде Момышұлы көшесінің учаскесінде көлік қозғалысына уақытша шектеулер енгізіледі. Осылайша, 29 қыркүйектегі сағат 23:00-ден 30 қыркүйектегі сағат 06:00-ге дейін Монке би көшесінен Arena City тұрғын үй кешеніне дейінгі учаскеде қозғалыс шектеледі», — делінген хабарламада.
Сонымен қатар жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан учаскеде ескерту белгілері орнатылады. Жүргізушілерге маршруттарын алдын ала жоспарлау ұсынылды.
