Алматыда 22 жастағы жігіт метро станциясында қауіпті зат туралы әзіл айтып, бес тәулікке қамауға алынды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Оқиға «Райымбек» метро станциясында болған. Қауіпсіздік қызметкеріне жігіт сөмкесінде қауіпті зат бар екенін айтқан. Ақпарат дереу полицияға жеткізілген. Оқиға орнына келген құқық қорғау органдары қызметкерлері аумақты тексерген, бірақ ешқандай қауіпті немесе тыйым салынған зат табылмаған. Кейін жігіт бұл сөздерді әзіл ретінде айтқанын мойындаған.
«Кез келген жалған хабарлама, қауіпсіздік қызметтерінің жұмысын үрейлендіретін немесе дезорганизациялайтын әрекеттер — әзілге себеп емес. Әрбір осындай өтініш міндетті түрде тексеріледі, ал кінәлілер жауапкершілікке тартылады», — деп ескертті Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі соттың шешімімен жігіт әкімшілік жауапкершілікке тартылып, бес тәулікке қамауға алынды.
Дереккөз: Nur.kz