...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматыда мемлекеттік сатып алуда 490 млн теңгеге алаяқтық схемасы әшкереленді

Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті мемлекеттік сатып алу саласындағы алаяқтық фактісі бойынша тергеуді аяқтады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Тергеу деректеріне сәйкес, «КазСтройОпыт LTD» ЖШС басшысы консалтингтік қызмет көрсету деген желеумен коммерциялық компаниялар үшін құрылыс жұмыстарының тәжірибесін жасанды түрде қалыптастыру схемасын ұйымдастырған. «Электрондық депозитарий» жүйесіне орындалған жұмыстардың жалған актілері мен нысандарды пайдалануға беру туралы құжаттар енгізіліп, бұл жекелеген ұйымдарға мемлекеттік сатып алуға қатысуда негізсіз артықшылықтар алуға мүмкіндік берген.

Схема әлеуметтік желілер мен интернет-платформалар арқылы белсенді түрде жүргізілген. ҚМА мәліметінше, топ құрамына 11 адам кірген. Сондай-ақ, Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының лауазымды тұлғаларына жалған тәжірибені растау үшін заңсыз сыйақы берген делдалдар анықталды.

Қылмыстық кірістерді заңдастыру үшін бақылаудағы заңды тұлғалар пайдаланылып, олар арқылы қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылған. Қылмыстық кірістің жалпы сомасы 490 млн теңгеден асты. Тергеу барысында жалған тәжірибе растамасын алған және мемлекеттік сатып алуға қатысқан 56 компания анықталды.

Үш күдікті қамауда ұсталып, сегіз адамға қатысты бұлтартпау шарасы ретінде қолхат алынған. Қылмыстық іс сотқа жіберілді. ҚМА мұндай схемалар мемлекеттік жобалардың сапасына қауіп төндіріп, адал бәсекелестік қағидаттарын бұзатынын атап өтті.

Дереккөз: Inalmaty.kz