
Алматыда ежелгі қорғанды бұзу туралы дау туындады. Оның орнына жаңа мектепке кіреберіс жол салу жоспарланған. Бұл жағдай қоғамда кең резонанс тудырып, әлеуметтік желілерде белсенді талқылануда, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Көптеген пайдаланушылар нысанды тарихи мұраның бөлігі деп атап, оны жоюға қарсы шықты. Пікірлерде тұрғындар қорған екі мың жылға жуық тұрып, соғыстар, төңкерістер және қаланың ауқымды құрылысынан аман өткенін атап өтті.
Алматы әкімдігі нысанның 2015 жылы жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімінен алынып тасталғанын хабарлады. Қалалық биліктің мәліметінше, себеп — тарихи-мәдени құндылығының жоғалуы.
Алматы қалалық мәдениет басқармасының тарихи-мәдени бөлімінің басшысы Ләззат Мырзабекованың түсіндіруінше, 2024 жылы жүргізілген тарихи-мәдени сараптама нысанның авариялық жағдайда екенін, антропогендік әсерге ұшырағанын және ескерткіш мәртебесінде сақтау мүмкін еместігін растады.
Қазіргі уақытта учаскеде жаңа мектепке апаратын жолдың құрылысы жалғасуда.
Дереккөз: Inalmaty.kz