...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматыда мәдениет және білім қайраткерлеріне ордендер табысталды

Бүгін Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов білім және мәдениет саласы қызметкерлеріне мемлекеттік наградаларды табыстады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

«Парасат» орденімен мәдениет саласындағы елеулі жетістіктері және Қазақстан Республикасы алдындағы ерекше еңбегі үшін Сәкен Қордабайұлы Майғазиев марапатталды. Ол – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, «МузАрт» тобының солисті, продюсер және тележүргізуші.

«Құрмет» орденімен білім беру жүйесіндегі көпжылдық адал еңбегі үшін Атығай Бүркітбайұлы Бижанов марапатталды. Ол – Қазақстанның білім беру саласының құрметті қызметкері, Оқу-ағарту министрлігінің Құрмет грамотасының иегері және Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгінің иегері.

Дәл осы жоғары наградаға Нышанкүл Қансейітқызы Қаратаева ие болды. Ол – ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымындағы Қазақстан өкілі. Орден оған елдің дамуына қосқан үлесі, кәсіби жетістіктері және қоғам игілігі үшін белсенді қызметі үшін берілді.

Сондай-ақ «Құрмет» орденімен Кенжебек Тұрсынбайұлы Жанәбілов марапатталды – қазақ өнерін дамытуға қосқан зор үлесі, шығармашылық қызметтегі жоғары нәтижелері және мәдени саладағы еңбегі үшін.

Салтанатты шара барысында Абзал Нүкенов марапатталғандарды құттықтап, олардың кәсіби жетістіктері мен елдің дамуына қосқан үлесі әрқашан мемлекет тарапынан жоғары бағаланатынын атап өтті.

Дереккөз: Almaty.tv