
Алматыдағы жеке компаниялардың бірі ЕРЗИ оңалту орталығының фасадын жаңартуды қолға алды. Мұнда ауыр жарақаттар мен аурулардан кейін адамдар ем алады. Ғимараттың келбетін көркейту жұмыстары аяқталуға жақын, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Науқастар сауығу жолында алғашқы қадамдарын жасап жатқанда, айналадағы кеңістік те өзгеруде. Адамдардың айтуынша, ғимараттың фасады олармен бірге заманауи әрі жарқын болып өзгергендей.
«Ғимаратты күтіп ұстау, жөндеу – мұның бәрін әдетте өз қаражатымызға жасаймыз. Бұл жолы біз компанияға жүгіндік, оларға үлкен рахмет, көмектесті, бірден қолдау көрсетті. Яғни, бояуға көмектесетін жігіттерді таптық, материалдарды сатып алдық. Бұл тірек-қимыл аппараты бұзылған және мүгедек арбасын пайдаланатын адамдардың өмірінде шынымен үлкен рөл атқарады», – деді «ЕРЗИ мүгедектер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Ербол Игембергенов.
Барлық жұмыстар өтеусіз негізде жүргізілуде. Жобаны қаржыландырумен қатар, қайырымдылық жасаушылар тұжырымдаманы әзірлеуді, материалдарды сатып алуды және бояу жұмыстарын ұйымдастыруды өз мойнына алды. Биіктіктегі жұмыстарды жүргізуді қамтамасыз еткен өнеркәсіптік альпинистер де көмек көрсетті.
«Біз үшін бұл жай ғана жаңа фасад жасау емес, біз позитивті эмоция сыйлайтын кеңістік құрғымыз келді. ЕРЗИ орталығының қызметі және олардың қиын жағдайға тап болған адамдарға көмектесіп, оңалтуда қандай маңызды рөл атқаратынын білгенде, көмектесу шешімі айқын болды», – деді компанияның бас директоры Елена Бакарасова.
«Міне, осы жерде жаттығу алаңында бұрын мурал болған, бірақ, өкінішке қарай, көп жылдар өткен соң ол күнге күйіп, әдемі болмай қалды, ал басқа компаниядағы жігіттер де бізге көмектесуге және ЕРЗИ үшін жаттығу атмосферасын жақсартатын мурал жасауға келісті. Бұл жігіттер – қаламызды көп жылдар бойы безендіріп жүрген өте талантты суретшілер», – деп түсіндірді жеке компания өкілі Екатерина Щербак.
Орталықта мұндай кәсіпкерлер тарапынан көрсетілген назар ерекше құнды екенін мойындайды. Мұны науқастардың өздері де атап өтеді. Адамдардың сөзіне қарағанда, мұндай өзгерісті көргенде сауығу процесі жеделдейтіндей.
Дереккөз: Almaty.tv