Алматыда патрульдік полиция қызметкерлері Mercedes көлігін тоқтатып, тексеру барысында жүргізушінің бірнеше заңбұзушылық жасағанын анықтады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Жетісу ауданындағы Бөкейханов көшесінде алдыңғы әйнектері заңсыз қарайтылған көлік байқалған. Бағдарлама берілген соң, «Буран-526» патрульдік экипажы Райымбек даңғылы мен Наурызбай батыр көшесінің қиылысында көлікті тоқтатқан.
«Тексеру барысында жүргізушінің алдыңғы әйнектері қарайтылған көлікті пайдаланғаны анықталды», — делінген хабарламада.
Сонымен қатар, оның жүргізуші куәлігінің әрекеті төленбеген әкімшілік айыппұлдарға байланысты тоқтатылған. Көлік иесінің қолданыстағы сақтандыру полисі де болмаған.
«Барлық анықталған заңбұзушылықтар бойынша әкімшілік материалдар жиналып, шешім қабылдау үшін сотқа жіберіледі», — деп қосты полицияда.
Алматы полициясы заңнама мен Жол қозғалысы ережелерінің талаптары көліктің маркасына, құнына және мәртебесіне қарамастан, барлық жол қозғалысына қатысушылар үшін міндетті екенін еске салды.
Дереккөз: Nur.kz