
Алматыда Төле би көшесінде ескі трамвай рельстерін бөлшектеу басталды — бұл қалада LRT (жеңіл рельсті көлік) жобасын іске асыруға дайындықтың бір кезеңі, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Әлеуметтік желідегі Treads платформасында алматылық тұрғындар Төле би көшесінде рельстерді алып жатқанын байқап, жұмыстың мақсатын білмей, әртүрлі болжамдар айтты. Мысалы, aliya_baibuga деген қолданушы: «Төле биге не істейтінін үрейлене күтіп отырмын. Екінші Тимирязев пе? Рельстерді алып жатыр. Оны қазбаған жылдарын саусақпен санауға болады», — деп жазды. Ал toktaramankz: «Алматы бюджеті біткен шығар, Төле би көшесіндегі рельстерді қара металға тапсырып жатыр, онда әйгілі Сайран. Бұдан екі апта бұрын Жетісу көшесінде де рельстерді бөлшектеген», — деп пікір білдірді.
NUR.KZ тілшісі әкімдіктің баспасөз қызметіне хабарласқанда, Алматы қаласының Жол инфрақұрылымын дамыту басқармасы LRT жобасына дайындық жұмыстары жүріп жатқанын хабарлады.
«Төле би көшесінің Сайын көшесінен Өтеген батыр көшесіне дейінгі бөлігінде ескі трамвай рельстерін демонтаждау жүргізілуде. Барлық бөлшектелген материал баланс ұстаушыға — «Алматыэлектротранс» ЖШС-ке беріледі», — деп түсіндірді басқарма өкілдері.
Аталған жұмыстар аясында Төле би көшесінің бойындағы барлық ескі жолдарды бөлшектеу жоспарланған. Бұл жеңіл рельсті көлік желісінің құрылысын жеделдету үшін қажет. Еске сала кетейік, 2027 жылдан 2029 жылға дейін Алматыда LRT жобасы жүзеге асырылатыны ақпан айында белгілі болған еді. Кейінірек әкім Дархан Сатыбалды қалада жеңіл рельсті көлік құрылысы үшін 270 учаскені алып қою туралы қаулыға қол қойғаны хабарланды.
Дереккөз: Nur.kz