...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматыда қатерлі ісіктен болатын өлім-жітім 4%-ға төмендеді: ерте диагностиканың арқасы

Алматыда медицинаның дамуы, жаппай скрининг және заманауи емдеу әдістерінің арқасында қатерлі ісік ауруларын ерте кезеңдерде анықтау жиілеп келеді. Мамандардың айтуынша, мегаполисте қатерлі ісіктен болатын өлім-жітім көрсеткіші 4%-ға жуық төмендеген. Ауруды уақытылы анықтау пациенттердің сәтті емделу және толық сауығу мүмкіндігін бірнеше есе арттырады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Биылғы жылдың басынан бері Алматыда екі мыңға жуық жаңа онкологиялық ауру тіркелген. Дәрігерлердің айтуынша, диагноздардың көп бөлігі бастапқы кезеңдерде қойылған, бұл дереу тиімді емдеуді бастауға мүмкіндік береді. Аурушаңдық құрылымында оңтүстік астанада өкпенің, сүт безінің және қалқанша бездің қатерлі ісігі жиі кездеседі. Науқастарға мамандандырылған клиникаларда да, үйде де көмек көрсетіледі.

«Бүгінгі таңда Алматы онкологиялық орталығында хирургиялық емдеуден мыңға жуық пациент өтті, стационар жағдайында химиотерапиялық емдеуден 8200 адам өтті. Сонымен қатар, біз азаматтарды амбулаториялық деңгейде қажетті химиопрепараттармен үздіксіз қамтамасыз етіп отырмыз — бүгінгі күні мұндай емдеуді үйде 7 мыңға жуық пациент алды», — деді Алматы онкологиялық орталығы директорының орынбасары Жанна Құжаева.

Анықталған ауруларды емдеумен қатар, Алматыда кең ауқымды профилактикалық науқан жүргізілуде. Бұл — жатыр мойны обырының негізгі себебі болып табылатын адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцинация. Егу науқаны басталғаннан бері 11 бен 13 жас аралығындағы 15 мыңнан астам қыз қауіпті вирусқа қарсы қорғаныс алды. Ал биылғы мамыр айынан бастап жаңа кезең басталды — екпе 14 пен 17 жас аралығындағы жасөспірімдерге қолжетімді болды. Вакцинация тек ерікті негізде мектептерде, колледждерде және емханаларда, ата-аналардың жазбаша келісімімен жүргізіледі.

«Адам папилломасы вирусына қарсы вакцинация бағдарламасын іске қосқан және бүгінгі күні сәтті нәтижелерге қол жеткізген барлық елдер әрқашан қыздардан бастады. Тек осы кезең сәтті жүзеге асқаннан кейін ғана бағдарламаға ұлдар тобы қосылды. Сондықтан, менің ойымша, біз озық әлемдік тәжірибенің ізімен келе жатырмыз. Болашақта біз де ұлдарды осы вакцинация бағдарламасына қосуды күтеміз», — деп түсіндірді Алматы онкологиялық орталығы директорының орынбасары Райхан Болатбекова.

Онкологтар еске салады: обыр бұрыннан үкім емес. Ең бастысы — тұрғылықты жері бойынша емханаларда тегін профилактикалық скринингтерден үнемі өту, өйткені уақытында анықталған ауру толық емделеді.

Дереккөз: Almaty.tv