...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматыда 16 жастағы оқушы есірткі таратумен ұсталды: тағы бес кәмелетке толмаған іс бойынша тергеу жүріп жатыр

Алматыда есірткі қылмысына қатысы бар алты кәмелетке толмаған жасөспірім ұсталды. Олардың ең кішісі — небәрі 16 жастағы 10-сынып оқушысы, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Алматы қалалық Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының аға жедел уәкілі Сұлушаш Досболова РСК-да өткен баспасөз мәслихатында биыл закладчиктер саны өскенін айтты. 2026 жылдың 25 мамырына дейін 158 факт тіркелсе, былтыр бұл көрсеткіш 132 болған. Соның ішінде алты кәмелетке толмаған бар.

Олардың екеуі — Алматы қаласындағы колледждің студент қыздары. Қалған төртеуінің ішінде екі оқушы Алматы облысында оқиды, тағы бір жігіт Алматы облысының колледж студенті. Яғни, бұл балалар қала сыртында білім алып, есірткі құқықбұзушылықтарын жасау үшін Алматыға келген, — деп түсіндірді Досболова.

Оның айтуынша, алты қылмыстық істің барлығы тергелуде. Ұсталғандарға 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қауіп төндіреді. Кәмелетке толмағандарды қылмысқа тартудың ең кең таралған тәсілі — әлеуметтік желілердегі мақсатты жарнама.

Мұндай жарнама тек мақсатты аудиторияға ғана көрсетіледі. Ол ересектерге немесе мемлекеттік қызметкерлерге шықпайды. Ол тек кәмелетке толмағандарға немесе 20-25 жасқа дейінгі жастарға бағытталған. Қызығушылықтар, бейнелер арқылы ілініп, жұмыс іздегендерге ұсынылады. Бұл — жастарды заңсыз іске тартудың ең өзекті әдістерінің бірі, — деді полиция қызметкері.

Полиция әлеуметтік желілерді тұрақты бақылап, жұмыс ұсынатын сайттарды анықтауда.

Дереккөз: Nur.kz