
Алматы прокуратурасы кәсіпкерлерден қосарланған салық өндіру фактісін анықтады. Заңсыз есептелген төлемдер сомасы 1,2 млрд теңгеден асты, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Қадағалау органының баспасөз қызметінің хабарлауынша, сыртқы (көрнекі) жарнаманы орналастыру саласындағы заңдылық жағдайын талдау барысында қалалық сәулет және қала құрылысы басқармасы тарапынан жүйелі бұзушылықтар анықталған. Бұл кәсіпкерлік субъектілеріне негізсіз ауыртпалық түсіруге әкеп соққан.
«Лауазымды тұлғалар заңнамада көзделген кәсіпкерлердің хабарламаларын қарау мерзімдерін жүйелі түрде бұзып, жауаптарды белгіленген 4 жұмыс күнінің орнына 6-15 жұмыс күнінде жіберген. Кейіннен басқарма мемлекеттік кіріс органдарына бизнес субъектілеріне жарнаманы «хабарламасыз» орналастырғаны үшін салықтың қосарланған мөлшерлемесін қолдануды негізсіз бастамашылық еткен», — делінген прокуратура хабарламасында.
Қадағалау органы аталған тәжірибе 2 331 жарнама таратушыны қамтығанын, ал заңсыз есептелген төлемдердің жалпы сомасы 1,2 млрд теңгеден асқанын атап өтті.
«Кәсіпкерлердің бұзылған құқықтарын қалпына келтіру мақсатында уәкілетті органдарға прокурорлық қадағалау актісі енгізілді, оны қарау нәтижесінде заңсыз есептелген сомалар бизнес субъектілерінің жеке шоттарында азайтылды. Кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқаны үшін басқарма басшысының орынбасары әкімшілік жауапкершілікке тартылып, тағайындалған айыппұлды толық көлемде төлеп, кінәсін мойындады», — деп хабарлады прокуратура.
Дереккөз: Nur.kz