Алматыда полиция қызметкерлері танысын өлтірмек болды деген күдіктіні ұстады. Түрксіб ауданында болған оқиға кафе маңындағы жанжалдан басталып, жеке үйдің жанында атыспен аяқталды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Полиция мәліметінше, екі таныс арасындағы жанжал күндіз қаланың төменгі бөлігіндегі кафе маңында өтіп жатқан бір шара кезінде басталған. Кейін қатысушылардың бірі қарсыласының үйіне келіп, олардың арасында тағы да жанжал шыққан.
Жанжал кезінде үй иесі аңшы мылтығын алып шығып, ер адамға оқ атқан.
«31 жастағы зардап шегуші оқ жарақатымен шұғыл түрде ауруханаға жатқызылды. Полиция қызметкерлерінің жедел әрекетінің арқасында күдікті ізін суытпай ұсталды», — делінген хабарламада.
Өлтіруге оқталғаны үшін қылмыстық іс қозғалды. Тергеушілер оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Сондай-ақ тәркіленген аңшы мылтығының шығу тегі мен оны сақтаудың заңдылығы тексерілуде.
Дереккөз: Nur.kz