Биылдың басынан бері Алматыда «Даму» қоры шағын және орта бизнестің 300-ден астам жобасына қолдау көрсетті. Жобаларды іске асыруға 45 миллиард теңгеден астам қаражат бағытталды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Қазір кәсіпкерлерге қаржылық көмек, білім беру бағдарламалары және консультациялық сүйемелдеу қолжетімді, дейді мамандар. Сонымен қатар, өз ісін ашқысы келетіндер үшін «Арманнан іске» атты жаңа бағыт іске қосылды. Осының арқасында қатысушылар бизнес негіздерін үйреніп, қолдау алып, 200 миллион теңгеге дейін жеңілдікпен қаржыландыруға ие бола алады. Жалпы, қордың мегаполистегі жұмыс істеген жылдарында 21 000-ға жуық жобаға көмек көрсетіліп, жалпы сомасы 2,5 триллион теңгеден асты.
«Қаржылық қолдау аясында Алматы қаласының кәсіпкерлеріне бүгінгі таңда қандай құралдар қолжетімді? Бірінші кезекте, бұл пайыздық мөлшерлемені субсидиялау, жеңілдікпен несиелеу және кепілдік қамтамасыз ету жеткіліксіз болған жағдайда кепілдік алу. Ең сұранысқа ие құралдардың бірі – несиелерге кепілдік беру», – деді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры филиалының директоры Жандос Нұрғазин.
Дереккөз: Almaty.tv