Алматыда жүріп келе жатқан көліктен жолаушылар көлігіне қарай тапаншаға ұқсайтын зат бағытталған бейнежазба әлеуметтік желілерде тараған соң, тәртіп сақшылары тексеру жүргізді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Әлеуметтік желілерді бақылау барысында полицейлер қозғалыстағы көліктен жолаушылар көлігіне қарай сырттай тапаншаға ұқсайтын затты бағыттаған сәт түсірілген бейнежазбаға назар аударған.
Анықталғандай, оқиға 2026 жылғы 27 қазанда сағат 15:45 шамасында Райымбек пен Жетісу көшелерінің қиылысында болған.
Тексеруден кейін 1988 жылы туған Jetour көлігінің жүргізушісі ұсталды.
Көлікті қарау кезінде пластиктен жасалған ойыншық тапанша табылды. Белгілі болғандай, бұл затпен көлік салонында отырған жүргізушінің кәмелетке толмаған ұлы ойнаған.
Тіпті сырттай қаруға ұқсайтын ойыншық заттар да айналадағылардың алаңдаушылығын тудырып, қауіпті жағдайларға әкелуі мүмкін екенін ведомствоның баспасөз қызметі еске салды.
Бұған дейін Алматыда Toyota Camry көлігін тексеру күтпеген табыс пен жүргізушінің ұсталуына әкелгені туралы жазылған болатын.
