Бүгін, 1 тамызда, Алматы халықаралық әуежайы түрік әуекомпаниясы SunExpress-тің Измир – Алматы – Измир жаңа бағыты бойынша алғашқы рейсін салтанатты түрде қарсы алды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Жаңа бағыттың ашылуы салтанатты шарамен өтті: жолаушыларға ұлттық тәттілер ұсынылып, әуе кемесін дәстүрлі су аркасымен қарсы алды.
Бұл бағыт бойынша рейстер аптасына екі рет, түнгі уақытта Boeing 737 типті әуе кемелерімен орындалады. Кестеге сәйкес, Алматыдан ұшулар сәрсенбі және сенбі күндері, ал Измирден сейсенбі және жұма күндері жүзеге асырылады.
Жолаушыларға SunExpress маршруттық желісінің көптеген ішкі және халықаралық бағыттары бойынша қосылатын рейстер де қолжетімді болады.
Әуежай баспасөз қызметінің мәліметінше, жаңа бағыттың ашылуы әуе гаванінің халықаралық маршруттық желісін кеңейтудегі маңызды қадам болмақ. Тікелей әуе қатынасы туристік әлеуеттің дамуына, сауда-экономикалық ынтымақтастықтың нығаюына, сондай-ақ Қазақстан мен Түркия арасындағы іскерлік және мәдени байланыстардың кеңеюіне ықпал етеді деп күтілуде.
Бұған дейін Алматы мен Измир арасында тікелей әуе қатынасын ашу жоспарлары туралы хабарланған болатын.
Дереккөз: Inform.kz
