...
... Алматы
USD—
EUR—
RUB—
Алматы жаңалықтары

Алматыда «Халықтық бюджет» жобасына өтінімдер қабылдау басталды

Алматыда қала тұрғындары өз идеяларын ұсынып, қалалық ортаны абаттандыру мен дамытуға қатыса алатын «Халықтық бюджет» жобасы бойынша өтінімдер қабылдау басталды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Өтінімдер budget.open-almaty.kz порталы арқылы электрондық форматта қабылданады. Қатысу үшін жобаның атауы мен сипаттамасын, іске асырылатын болжамды мекенжайды көрсетіп, эскиз бен алдын ала сметаны қоса беру қажет. Бұл кезеңде толыққанды жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу талап етілмейді.

Бір жобаның құны 324,3 млн теңгеден аспауы тиіс. Бастама жалпыға ортақ пайдалануға арналуы, ауданның қажеттіліктеріне сай болуы, аудандық әкімдіктің құзыретіне кіруі және жеке коммерциялық сипатта болмауы керек.

Өтінімдер қабылдау аяқталған соң, жоба ұсыныстарын аудандардың сараптамалық кеңестері қарайды. Бастаманың өзектілігі, оны іске асыру мүмкіндігі, белгіленген бағыттарға сәйкестігі және бұрын іске асырылған жобалардың қайталануының болмауы ескеріледі.

Қарау қорытындысы бойынша өтінім үш мәртебенің бірін алады: «Дауыс беруге жіберілді», «Пысықтауға жіберілді» немесе «Қабылданбады». Пысықтауға жіберілген жобалардың авторлары өзгерістер енгізіп, оларды қайтадан қарауға ұсына алады.

Дауыс беру де budget.open-almaty.kz порталында электрондық форматта өтеді. Оның қорытындысы бойынша қарастырылған қаржы шегінде іске асырылатын жобалар анықталады.

Қосымша ақпаратты Алматының аудандық әкімдіктерінен және «Open Almaty» қоғамдық қабылдау бөлімінен 224-39-29 телефоны, 203 ішкі нөмірі арқылы алуға болады.