Алматының Шығыс айналма жолында электросамокаттан құлаған ер адам қаза тапты. Ол шамамен 90 км/сағ жылдамдықпен қозғалған, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Оқиға сәті бейнебақылау камералары мен көліктердің бейнетіркегіштеріне түсіп қалған. Кадрларда ер адамның электросамокатпен жүріс бөлігінің сол жағымен келе жатқаны көрінеді. Қатарлас көлікті басып озу кезінде ол басқаруды жоғалтып, асфальтқа құлаған. Соққыдан қорғаныш дулығасы ұшып кеткен. Алдын ала мәліметтер бойынша, жылдамдық сағатына шамамен 90 шақырымды құраған.
Оқиға орнына полиция қызметкерлері мен жедел жәрдем бригадасы келген. Алайда ер адам алған жарақаттарынан қайтыс болды. Қаза тапқан адам 54 жаста еді.
Осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.
Полиция деректеріне сәйкес, жыл басынан бері Алматыда электросамокаттар қатысқан 91 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, онда 96 адам зардап шеккен. Бұл оқиға қаладағы ағымдағы жылдағы электросамокат қатысқан алғашқы өлімге әкелген ЖКО болды.
Бұған дейін Алматыда электросамокаттарды пайдалануға қойылатын талаптар күшейтілгеннен кейін түрлі кикшеринг компанияларының 9 мыңнан астам көлігі айыппұл тұрағына қойылғаны хабарланған болатын.
Оқиға сәті бейнебақылау камералары мен көліктердің бейнетіркегіштеріне түсіп қалды. Кадрларда ер адамның электросамокатпен жүріс бөлігінің сол жағымен келе жатқаны көрінеді.
