Алматыда әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту аясында жаңа мектептер, медициналық мекемелер және ірі спорт нысаны салынады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Бұл туралы Алматы әкімі Дархан Сатыбалды қала күніне арналған бағдарламалық мақаласында айтты. Бүгінде Алматыда 36 жоғары оқу орны жұмыс істейді, елдегі ғылыми ұйымдардың үштен бірі және қазақстандық ғалымдардың 40%-ы осында шоғырланған. Халықтың өсуі мен ішкі көші-қон білім беру және денсаулық сақтау жүйелеріне жүктемені арттырады.
— Экономикалық өсудің түпкі мәні — адамның өмір сүру сапасын жақсарту. Сондықтан Алматының ұзақ мерзімді тұрақты дамуы тұрғындардың ұзақ, қауіпсіз және жайлы өмір сүре алатын қалалық орта құру міндетімен тікелей байланысты, — деді әкім.
Биыл Алматыда сегіз жаңа мектеп пайдалануға берілді, тағы екеуін жыл соңына дейін ашу жоспарланған. Сонымен қатар 2030 жылға дейін 69 жаңа мектеп салу көзделген. Барлық білім беру ұйымдарында материалдық-техникалық база мен педагогикалық құрамға бірыңғай жоғары талаптарды көздейтін «Алматы мектебі» моделін енгізу жоспарлануда. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Алматыда 34 800 оқушы орнына арналған 21 мектеп ашылды.
Денсаулық сақтау жүйесіне де айтарлықтай жүктеме түседі. Әкімнің айтуынша, қалалық медициналық ұйымдарға жүгінетін әрбір төртінші пациент Алматы тұрғыны емес. Осыған байланысты 2030 жылға дейін 32 жаңа медициналық нысан салу және 14 жұмыс істеп тұрған емдеу мекемесін жаңғырту жоспарлануда.
Мақалада бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Бүгінде қалада 2,4 мыңға жуық ашық спорт алаңы жұмыс істейді. «Шығыс қақпа» полиорталығында UEFA Category 4 талаптарына сай, 45 мың көрерменге арналған жаңа футбол стадионын салу жоспарлануда.
— Бұл нысан тек футбол матчтарын өткізетін алаң болып қалмауы тиіс. Ол халықаралық спорт жарыстарын, ірі мәдени және қоғамдық іс-шараларды қабылдай алатын жаңа қалалық орталықтардың біріне айналуға тиіс. Сондай-ақ Алматы 2029 жылы қысқы Азия ойындарын екінші рет қабылдайды, — делінген мақалада.
Бұған дейін Алматы әкімі Дархан Сатыбалды қаланың көлік жүйесі қалай өзгеретінін айтқан болатын.
